Мемлекет басшысына «Бәйтерек» холдингінің 2021 жылғы қызметінің қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндалды.
2021 жылы жалпы сомасы 533,2 млрд теңге болатын 37 ірі жобаға қолдау көрсетіліп, 7 жоба пайдалануға берілді. 57,4 мың шағын және орта бизнес субъектісі жалпы сомасы 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау алды. Сондай-ақ 236,8 млрд теңге отандық экспорттаушыларды қолдауға бағытталды.
Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында жалпы сомасы 464,2 млрд теңге болатын 26 мыңнан астам несие берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылы шамамен 130 мың отбасы баспана алғаны немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартқаны туралы баяндалды. Сонымен қатар, 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін 458 мың салымшы жалпы сомасы 1,97 трлн теңгеден астам біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланды.
Қанат Шарлапаев Мемлекет басшысының «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ны реформалау және оның менеджмент құрамын өзгерту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ағымдағы жылға арналған холдингтің жоспарлары, соның ішінде микро және шағын кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал топтар үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселелері жөнінде ақпарат берілді. Кездесу барысында сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған мемлекеттік қолдауды кеңейту шаралары талқыланды.