«Бәйтерек» холдингі Қазақстан халқы тілдері күніне орай челлендж өткізді
Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Ана тілім – қазынам» атты өлеңдер челленджі өз мәресіне жетті.
Іс-шара Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Бәйтерек» холдингімен ұйымдастырылды. Челленджді Холдинг Басқармасының төрағасы Айдар Арифханов Қадыр Мырза Әлидің әйгілі «Ана тілің – арың бұл» атты өлеңін оқып бастап, Холдинг аппаратының басшысы Дина Акрачкова Дихан Әбіловтың «Туған тілім» өлеңін орындады.
Эстафетаны «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары жалғастырды: Қазақстан Даму Банкі, Аграрлық несие корпорациясы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстан тұрғын үй компаниясы, ҚазАгроҚаржы, Қазына Капитал Менеджмент, Қазақстанның инвестициялық қоры, KazakhExport, және Отбасы банк. Челленджді еншілес компаниялардың бірі – Өнеркәсіпті дамыту қоры қорытындылады. Олардың бейнероликтерін «Бәйтерек» холдингінің ресми YouTube арнасынан көруге болады.
Айта кету керек, тіл эстафетасын еншілес ұйымдардың аймақтық филиалдары да жалғастырды.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқы тілдері күні Үкімет қаулысына сәйкес 5 қыркүйекте – ағартушы, тілтанушы, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай атап өтіледі. Бұл атаулы күн бүгінде Қазақстан халқы тілдеріне құрмет көрсетудің ғана емес, елдегі ұлтаралық келісім мен рухани бірліктің де нышанына айналды.