«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарының онлайн-платформасын іске қосты

«Нұрлы жер» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аясында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау және тұрғын үй құрылысына қазақстандық үлесті арттыру мақсатында www.material.kz онлайн-платформасын іске қосты.

Платформа қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілерге өздерінің бағалары көрсетілген жеке витриналарын құруға мүмкіндік береді және құрылыс компанияларына өндірушілерді іздеуге қосымша шығынсыз қазақстандық материалдарға тікелей қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.

Платформада тіркелгеннен кейін қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер құрылыс материалдарына деген сұраныспен танысып, құрылыс компанияларына тікелей электронды коммерциялық ұсыныстар жібере алады. Өз кезегінде, құрылыс компаниялары жеке кабинеттерінде өндірушілерден келіп түскен коммерциялық ұсыныстар туралы хабарламалар алады.

Онлайн-платформаны құрудың мақсаттары:
• «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың ашықтығын арттыру;
• Бағдарлама аясындағы құрылыс материалдарына деген қажеттілік туралы ақпаратты өндірушілерге ұсыну және электронды коммерциялық ұсыныстар жіберу мүмкіндігін беру;
• Тұрғын үй құрылысына қазақстандық үлесті арттыру;
• Құрылыс компаниялары үшін тиімді ұсыныстар алу мүмкіндігін жасау;
• Құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасындағы делдалдықты қысқарту арқылы тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын төмендету;
• Қазақстандық өндірушілердің динамикалық бағалары негізінде онлайн-сметалық жоспарлау және талдау жүйелеріне көшу.

Толығырақ ақпарат www.material.kz сайтында.