«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасындағы Германияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ) Өкілдігімен және «Шар-Құрылыс» ЖШС-мен FELICITY II бағдарламасы аясында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Германияның PHI энергия тиімділігі және энергия үнемдеу стандарттарына сәйкес келетін жаңа тұрғын үй құрылысын көздейтін пилоттық жобаны іске асыруға бағытталған.
Ынтымақтастық шеңберінде GIZ ғимараттың энергетикалық тұжырымдамасына арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге техникалық сүйемелдеу көрсету үшін Германияның энергетикалық агенттігінің (dena) сарапшыларын тартуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ энергия тиімді құрылыс саласындағы озық неміс тәсілдері мен технологияларын енгізу және бейімдеу жұмыстарын жүзеге асырады. Айта кету керек, dena өкілдері GIZ-пен бірлесіп қазақстандық құрылыс салушыларға бірқатар семинарлар өткізді. Өз кезегінде, «Шар-Құрылыс» ЖШС жобалау және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру үшін өз қаражатын инвестициялауды жоспарлап отыр және нысанды ұлттық құрылыс нормалары мен энергия тиімділігі стандарттарын сақтай отырып пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, компания бұған дейін ірі панельді және құрама-қаңқалы тұрғын үй құрылысына арналған темірбетон конструкцияларын өндіретін жоғары технологиялық зауыт салу жобасын іске асырғанын атап өткен жөн.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаевтың айтуынша, пилоттық жобаны іске асыру Қазақстанда энергия тиімді тұрғын үй құрылысының орнықты моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ: «Біз үшін азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар энергия тұтынуды азайтатын, өмір сапасын арттыратын және осындай жобаларды бүкіл ел аумағында кеңінен таратуға серпін беретін заманауи тәсілдерді енгізу аса маңызды».
Пилоттық жобаның нәтижелері болашақта энергия тиімді және энергия үнемдейтін тұрғын үйлерді салу үшін негіз ретінде, сондай-ақ «жасыл» құрылыс саласындағы қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктерді дамыту мақсатында пайдаланылатын болады.
Анықтама:
GIZ (Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit GmbH) — Германия Үкіметінің атынан халықаралық даму жобаларын жүзеге асыратын федералдық компания. Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді және Германия Үкіметі, Еуропалық одақ пен өзге де халықаралық серіктестердің тапсырмасы бойынша жобаларды іске асырады.
Deutsche Energie-Agentur (dena) — энергетика және орнықты даму мәселелері бойынша Германияның энергетикалық агенттігі. dena 20-дан астам елде, оның ішінде Қазақстанда да жобалар жүргізеді. Қазақстандағы қызметі Германия–Қазақстан энергетикалық диалогы аясында сутегі энергетикасы, энергия тиімділігі және климат саясаты бағыттарын қамтиды.
«Шар-Құрылыс» ЖШС — Қазақстан нарығында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық құрылыс компаниясы. Іске асырылған жобалар портфелінде тұрғын үй нысандарымен қатар азаматтық және өнеркәсіптік объектілер де бар.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 (7172) 79-75-75, ішкі: 2550, 2429
pr@khc.kz, www.khc.kz