Шымкент қаласындағы «Asyl Mura» ТК үлескерлерімен кездесу (18.03.2026 ж.)

Шымкент қаласындағы «Asyl Mura» ТК үлескерлерімен кездесу (18.03.2026 ж.)

2026 жылғы 18 наурызда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («ҚТК» АҚ – «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) Шымкент қаласындағы «Asyl Mura» тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кепілдік жағдайы жарияланған жоба бойынша кездесу өтті.

Кездесу барысында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев және Oks Group құрылыс компаниясының өкілдері Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұртас шағынауданы, 5/3 мекенжайында орналасқан.коммерциялық үй-жайлары қоса салынатын көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаж барысы туралы ақпарат берді.

Кездесуде қатысушыларға алдағы өзара іс-қимыл тәртібі, оның ішінде үлестік қатысу шарттарына қосымша келісімдер жасау мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.

Кездесу барысында қатысушылар нысанның пайдалану кезіндегі кепілдік мерзіміне қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Үлескерлер тарапынан құрылыс аяқталғаннан кейін анықталуы мүмкін ақауларды жою тәртібі мен мерзімдері бойынша бірқатар сұрақтар қойылды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, аталған нысанға келесі кепілдік міндеттемелер қолданылады:

1. Негізгі көтергіш құрылымдар

Ғимараттың негізгі көтергіш құрылымдарына кепілдік мерзімі нысан пайдалануға берілген күннен бастап 10 жылды құрайды. Осы кезең ішінде құрылыс салушы тұрғын үйдің конструктивтік тұтастығы мен қауіпсіздігіне толық жауапты болады.

2. Техникалық жабдықтар мен материалдар

Инженерлік жабдықтарға, жылыту, желдету жүйелеріне және ғимараттың өзге де техникалық элементтеріне 2 жылдық жеке кепілдік мерзімі белгіленген.

Аталған нормалар құрылыс салушылардың жауапкершілігін арттырып, үлескерлердің құқықтарын күшейтеді, сондай-ақ тұрғын үйдің пайдалану кезеңдерінде оның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы маусым айына жоспарланған.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдік жағдайы жарияланған үлестік құрылыс нысандары бойынша үлескерлердің құқықтарын қорғау және жобаларды аяқтау жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруда. Жобаны іске асыру Компанияның ерекше бақылауында, инвестормен және үлескерлердің бастамашыл тобымен өзара іс-қимыл құрылыс толық аяқталғанға дейін тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады. Жобаның іске асырылу барысы туралы қосымша ақпарат Компанияның ресми ақпараттық ресурстарында жарияланып отырады.


Фотогалерея