«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («ҚТК» АҚ – «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) сатып алу құқығымен жалдау шарттарын онлайн режимде тіркеу жобасының іске қосылғанын хабарлайды. Жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп әзірленді.
Шарттарды тіркеу үдерісі «Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай витринасы» платформасы (fcbplatform.kz) арқылы жаңа форматта жүзеге асырылады.
Жаңа форматтың артықшылықтары:
− Уақытты үнемдеу: Өтінім беруден бастап тіркеу туралы хабарлама алуға дейінгі барлық үдеріс небәрі бір сағат ішінде жүзеге асырылады.
− Азаматтар үшін қолайлы: Сатып алу құқығымен жалдау бағдарламасына қатысушыларға шарттарды тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың және кезек күтудің қажеті жоқ.
− Үдерістің толық ашықтығы: «Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай витринасы» платформасындағы жеке кабинет арқылы әрбір шарттың мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылауға болады.
− Құқықтық сенімділік: Үдеріс тіркеушімен бейнеконференцбайланысты және қорғалған электрондық цифрлық қолтаңбаны қоса алғанда, заманауи технологиялармен қамтамасыз етіледі, бұл рәсімделген құжаттардың толық заңдылығына кепілдік береді.
− Шығындарды азайту: Жаңа формат құжаттарды рәсімдеуге байланысты қосымша шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл - «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ қызметтерін цифрландыру жолындағы маңызды қадам. Біз қағазбастылықтан бас тартып, тұрғын үй алу процесін еліміздің барлық азаматтары үшін барынша ыңғайлы және қолжетімді етудеміз!