Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы үлестік құрылыс аясында тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетігін таныстырды

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы үлестік құрылыс аясында тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетігін таныстырды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында құрылыс саласы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы үлестік құрылыс шеңберінде тұрғын үйді реновациялау тетігін ұсынды.

Жиынға құрылыс компаниялары мен салалық бірлестіктердің өкілдері, оның ішінде Қазақстан құрылыс салушылар Ассоциациясы, QAZPROPERTY, Қазақстан құрылыс саласы Ассоциациясы, Қазақстан Республикасының инжинирингтік компаниялар одағы және Қазақстан құрылысшылар одағы қатысты.

Кеңес барысында ҚТК кепілдік беру тетігін қолдана отырып реновация жобаларын іске асырудың негізгі тәсілдерін, соның ішінде құрылыс салушылар мен уәкілетті компанияларға қойылатын талаптарды таныстырды, сондай-ақ мұндай жобаларды жүзеге асыру кезінде ҚТК кепілдігін алудың артықшылықтарын атап өтті.

Реновация тетігі екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде реновация туралы шарт жасалады, ал екінші кезеңде апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерімен келісімге келгеннен кейін кепілдік беру туралы шарт жасалады.

Реновация туралы шарт ҚТК-ның белгіленген талаптары мен шарттары сақталған жағдайда жобаның аяқталуын қамтамасыз етуге дайын екенін растайды.

Құрылыс салушыларға қойылатын тәжірибелік талаптар классикалық кепілдік беру тетігінің шарттарына сәйкес келеді. Ал уәкілетті компанияға қатысты меншікті қатысу бойынша талап белгіленеді: апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелеріне берілетін тұрғын үйдің құнына тең сомадан кем емес және жобаның жалпы құнының кемінде 30%-ын құрауы тиіс. Сондай-ақ тұрғындарды көшіруді қамтамасыз ету, оның ішінде уақытша тұрғын үй беру және (немесе) өтемақы төлемдерін жүзеге асыру міндеті жүктеледі.

Тұрғын үйді реновациялау аясындағы жаңа кепілдік беру тетігі апатты және тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындарының құқықтарын 100% қорғауды қамтамасыз етеді, үлескерлердің салынып жатқан тұрғын үйге қатысты екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдеріне қолжетімділігін кеңейтеді және азаматтар мен инвесторлардың реновация бағдарламаларына деген сенімін арттырады.

Сонымен қатар, бұл құрал жеке инвестициялардың тартылуын ынталандырып, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады және республикалық деңгейде бірыңғай құқықтық базаның қалыптасуына ықпал етеді. Реновация жобаларын іске асыру заманауи жайлылық стандарттарын ескере отырып тұрғын үй қорын жаңартуға, сондай-ақ нысандардың инфрақұрылымы дамыған аудандарда орналасуы есебінен инженерлік инфрақұрылымға кететін шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Фотогалерея