Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы ЭКСЖ ұлттық жобасын қаржыландыруды жалғастыруда: БҚО мен Павлодар облыстарының әкімдіктеріне облигациялық қарыздар берілді

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы ЭКСЖ ұлттық жобасын қаржыландыруды жалғастыруда: БҚО мен Павлодар облыстарының әкімдіктеріне облигациялық қарыздар берілді

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын сатып алды. Екі өңірдің жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу арқылы қаржыландырудың жалпы көлемі 16,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Павлодар облысы бойынша – 5,7 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 10,9 млрд теңге.

ҚТК-ның әкімдіктер облигацияларын кезекті сатып алуы Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында жылу және электрмен жабдықтау саласындағы 10 нысанды жаңғыртуға бағытталған.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында тозу деңгейі 90–96% болатын аса тозған желілерді жаңарту және апатты учаскелерді жоюға бағытталған екі жылу магистралін жаңғырту жобалары іске асырылуда. Бұл шаралар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін едәуір арттырып, абоненттерге көрсетілетін қызметтің тұрақты әрі сапалы болуын, сондай-ақ жылыту маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз етеді. Жобалардың жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайды.

Павлодар облысының Ақсу қаласында тозу деңгейі 54,5% болатын екі жылумен жабдықтау желісін реконструкциялау жүргізілмек. Жобалар аясында ескі құбырлар жылу оқшаулауы жақсартылған заманауи құбырларға ауыстырылып, жылу шығындарын азайтуға бағытталған озық технологиялар қолданылады. Аталған жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 2,9 млрд теңге.

Орал қаласында тозу деңгейі 65%-дан 88%-ға дейін, пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын жылу магистральдерін реконструкциялау жобалары жалғасуда. Жобалар аяқталғаннан кейін 32,1 мыңға жуық тұрғын сенімді жылумен қамтамасыз етіледі, ал желілердің тозу деңгейі 40–46%-ға дейін төмендейді. Жобалардың жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды.

Тағы бір жаңғырту жобасы ретінде Орал қаласының «Құрылысшы» шағын ауданындағы ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылуда (920 млн теңге). Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту желілердің тозу деңгейін 65%-дан 20%-ға дейін төмендетіп, шамамен 10 мың тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыс аудандары мен Орал қаласында жалпы құны шамамен 7 млрд теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 470 км-ден асатын электр желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізілуде.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдар аралығында жалпы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр, оның ішінде 1,9 трлн теңге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу есебінен көзделген.

Анықтама: Ұлттық ЭКСЖ жобасын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ табиғи монополия субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады: мемлекеттік ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жекеменшік ТМС үшін екінші деңгейлі банктердің, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның және микроқаржы ұйымдарының кредиттерін субсидиялау арқылы. 

Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ел бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және халықты сенімді әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету.