2026 жылғы 18 мамырда Семей қаласында Абай облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) өңірдегі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – ҚТК желісі бойынша жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылысын қолдау құралдарын түсіндіру болды.
Кездесу аясында қатысушыларға құрылыс саласын қолдаудың негізгі тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру құралдарына, аз қабатты және кешенді құрылыс жобаларын жеңілдетілген қаржыландыруға, сондай-ақ тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламасы мен «Орда Аймақ» өңірлік ипотекалық бағдарламасына ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша құрылыс салушылар үшін қаржыландыру, жобалық құжаттаманы дайындау және ҚТК бағдарламаларына қатысу мәселелері бойынша жеке консультациялар ұйымдастырылды.
Осындай құрылыс салушылармен кездесулер тұрғын үй нарығының ашықтығын арттыруға, адал девелопментті дамытуға және құрылыс секторы қатысушылары үшін қолдау құралдарының қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.