ҚТК кепілдігі бар алғашқы жобаның пайда болуы өңірде үлестік тұрғын үй құрылысының заңды нарығын қалыптастырудың басталғанын білдіреді. Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының 2025 жылға арналған зерттеу деректеріне сәйкес, Абай облысындағы үлестік құрылыс нарығы толықтай «көлеңкеде» болған.
Абай облысында алғаш рет Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы (тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторы, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы – ҚТК) тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға кепілдік берді. Кепілдік Семей қаласындағы «Jagalau» тұрғын үй кешеніне тиесілі.
«Jagalau» тұрғын үй кешені Абай облысы, Семей қаласы, Иртышская көшесі, 3/1 мекенжайында орналасқан. Жоба 66 пәтерден тұратын 12 қабатты тұрғын үй блогының құрылысын салуды көздейді. Жобаның құрылыс салушысы — «СИТЕКО» ЖШС, уәкілетті компания — «UK Citeco» ЖШС.
ҚТК кепілдігі «Jagalau» тұрғын үй кешенінің үлескерлерінің қаражатын 100% қорғауды қамтамасыз етеді. Егер құрылыс салушы қандай да бір себептермен құрылысты белгіленген мерзімде аяқтай алмаса, ҚТК Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына сәйкес үлескерлер алдындағы объектіні аяқтау міндеттемелерін өз мойнына алады.
Семей қаласында ҚТК кепілдігі бар алғашқы жобаның пайда болуы - бүкіл Абай облысы үшін маңызды оқиға. Бұл азаматтардың қаражатын ҚТК кепілдігі арқылы қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар нарыққа үлескерлердің қаражатын ашық және қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес тартуға болатыны жөнінде маңызды белгі болып табылады, - деп атап өтті ҚТК-ның Заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Әйгерім Құрманбаева.
ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысы нарығының ашықтығын арттыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Құрылыс салушылардың үлескерлердің қаражатын заңнама аясында көбірек тартуы үшін ҚТК ынталандыру шараларын енгізуде. Атап айтқанда, өңірде ҚТК-дан алғаш рет кепілдік алатын құрылыс салушылар үшін нөлдік кепілдік жарнасы қарастырылған. Бұл шара Семей қаласында алғашқы кепілдікті беру кезінде де қолданылды.
ҚТК - үлестік тұрғын үй құрылысы нарығына терең талдау жүргізуді бастап, деректерді жыл сайын жаңартып отыратын алғашқы институт. 2025 жылғы зерттеу барысында елдің 19 ірі қаласы мен көпқабатты және аз қабатты тұрғын үйлерді қоса алғанда, салынып жатқан 606 объект қамтылды. 2025 жылғы талдау нәтижелері бойынша Қазақстандағы үлестік тұрғын үй құрылысының «көлеңкелі» нарығының үлесі 62,5%-ды құрады. 606 салынып жатқан объектінің тек 227-сі ғана ҚТК кепілдігіне немесе үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдіктің рұқсатына ие болған. Сонымен қатар, Қазақстандағы үлестік тұрғын үй құрылысының заңды нарығының үлесі 2024 жылғы 30,4%-дан 2025 жылы 37,5%-ға дейін өсті.
ҚТК еске салады: салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатып алмас бұрын, үлескерлердің қаражатын тартудың заңдылығына көз жеткізу қажет. ҚТК кепілдігінің немесе үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдік рұқсатының бар-жоғын құрылыс салушының БСН немесе тұрғын үй кешенінің атауы арқылы Тұрғын үй порталы арқылы тексеруге болады.