Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның (ҚТК) шетел және ұлттық валюталардағы эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингтерін (ЭҰМДР) «BBB» деңгейінде растады. Рейтингтер бойынша болжам «Тұрақты» деңгейінде сақталды.
Рейтингтердің расталуы Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының тұрғын үй құрылысын дамытудағы стратегиялық маңызын және мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы шешуші рөлін көрсетеді.
Агенттіктің мәліметінше, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді, ал ҚТК осы міндетті іске асыратын негізгі институттардың бірі саналады.
Fitch деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрғын үймен орташа қамтамасыз етілу деңгейі бір адамға шаққанда 25,1 шаршы метрді құрады (алдыңғы жылы — 24,5 шаршы метр). Алайда бұл көрсеткіш әлі де халықаралық бағдар болып саналатын бір адамға 30 шаршы метр деңгейінен төмен, бұл тұрғын үй құрылысының одан әрі даму әлеуетінің сақталып отырғанын білдіреді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Қазақстанда пайдалануға берілген жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің шамамен 22%-ы Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының қаржылық құралдарын қолдану арқылы салынған. Бұл ҚТК-ның құрылыс саласын дамытуға және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін айғақтайды.
Fitch Ratings агенттігі ҚТК-ның тұрғын үй нарығын дамытудағы кешенді рөлін де атап өтті. Компания құрылыс салушыларға қаржыландыру, құрылысты аяқтауға кепілдіктер беру және субсидиялау құралдарын ұсыну арқылы тұрғын үй ұсынысын ынталандырады, сондай-ақ сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламалары мен өзінің ипотекалық бағдарламасы арқылы сұранысты қолдайды.
Агенттік ҚТК-ның ішкі капитал нарығы үшін маңызын да ерекше атап өтті. Компания әлеуметтік тұрғын үй құрылысына, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға, реновация жобаларын, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыруға бағытталған жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу жұмыстарын жүзеге асырады.