ҚТК қазақстандықтардың қолжетімді тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуде

ҚТК қазақстандықтардың қолжетімді тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуде

2026 жылғы 14 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков қатысты.

Брифинг барысында ҚТК-ның азаматтардың тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған негізгі құралдары таныстырылды. Олардың қатарында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тетігі, өңірлік тұрғын үй жобаларын қаржыландыру және «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасы бар.

Сұранысқа ие тетіктердің бірі – сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй. Бұл механизм азаматтарға бастапқы жарнасыз дайын пәтерге қоныстанып, оны біртіндеп жеке меншігіне сатып алуға мүмкіндік береді.

2015–2025 жылдар аралығында ҚТК осы механизм бойынша 23 мыңнан астам пәтерді 270 млрд теңгеден астам сомаға іске асырды. Бүгінде Компанияның қолданыстағы жалға берілетін тұрғын үй портфелінде жалпы құны 217 млрд теңгеден асатын 17 мыңнан астам пәтер бар. 2026 жылы Қазақстанның 20 қаласында шамамен 41 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу жоспарланып отыр. Кейін бұл пәтерлер азаматтарға сатып алу құқығымен жалға беру тетігі арқылы ұсынылады.

Бұл механизмнің негізгі артықшылықтары – бастапқы жарнаның болмауы, жылдық 3,1% сыйақы мөлшерлемесі және 20 жылға дейінгі жалдау мерзімі. Пәтерлер таза әрлеумен беріледі, өтінімді қарағаны үшін комиссия алынбайды. Қазіргі уақытта еліміздің 14 өңірінде 798 пәтер іске асырылуда. Азаматтарға әртүрлі көлемдегі бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер ұсынылады.

2026 жылғы тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Нысандар мен қатысу шарттары туралы ақпарат Baspana Market платформасында орналастырылады. Өтінімдерді қабылдау және үміткерлерді іріктеу де осы платформа арқылы жүргізіледі.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді іске асырумен қатар, Компания жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үй сатып алу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландырады. Осы мақсатта Компания қаржыландыруды тартып, қаражатты жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алуға бағыттайды. Әкімдіктер алған қаражат мұқтаж азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға және инженерлік коммуникацияларды жүргізуге жұмсалады.

«Бүгінде Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін бірден бірнеше құралды пайдаланады. Бұл – сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы өңірлердегі тұрғын үй жобаларын қаржыландыру.

«2026 жылы осы мақсаттарға 546,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 177,3 млрд теңгесі әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйін қаржыландыруға, 269,1 млрд теңгесі жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға, ал 100,4 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Осылайша, біздің міндетіміз – қолжетімді тұрғын үй ұсынысын кеңейтіп қана қоймай, өңірлерде оның құрылысы мен пайдалануға берілуіне қажетті жағдай жасау», - деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков.

Өңірлерде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуды жоспарлаған азаматтар үшін ҚТК «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама ҚТК-ның кепілдігі бар нысандарына қолданылады. Бағдарламаның агенттері – «Отбасы банк» АҚ және Alatau City Bank.

Бағдарламаның негізгі шарттары:

  • қарыз сомасы – 2 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін;

  • бастапқы жарна – 20%-дан бастап;

  • кредиттеу мерзімі – 24 айдан 240 айға дейін;

  • кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 15,9%-дан бастап.

Осылайша, ҚТК азаматтарға дайын немесе салынып жатқан тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау құралдарын жүйелі түрде дамытып келеді. Сонымен қатар Компания өңірлердегі тұрғын үй жобалары мен инфрақұрылымды қаржыландыруға қатысады.

Тұрғын үй ұсынысын кеңейту және қолжетімді тұрғын үй тетіктерін дамыту ҚТК қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Фотогалерея