Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы: 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы саласындағы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 41,2%-ға дейін төмендеді

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы: 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы саласындағы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 41,2%-ға дейін төмендеді

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы саласындағы «көлеңкелі» нарық үлесіне жыл сайынғы бағалау жүргізіп, оның қорытындыларын жариялады. 2026 жылы жүргізілген зерттеу аясында Қазақстанның 21 қаласындағы салынып жатқан 636 нысан бойынша ақпарат талданды.

Зерттеу іріктемесі 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша ашық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде орналастырылған салынып жатқан тұрғын үй нысандары туралы жарнамалар негізінде қалыптастырылды. Әрбір нысан бойынша 15 параметр бойынша ақпарат қолмен жиналып, жүйелендірілді. Кейін алынған деректер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың «Қазреестр» бірыңғай цифрлық жүйесіндегі мәліметтермен салыстырылды.

Негізгі нәтижелер

Зерттеу қорытындысы бойынша, 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы саласындағы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 41,2%-ды құрады. Талдау жүргізілген 636 нысанның 374-і заңды нарыққа, 262-сі «көлеңкелі» нарыққа жатады.

«Көлеңкелі» нарықтың үлесі 21,3 пайыздық тармаққа төмендеп, 2025 жылғы 62,5%-дан 2026 жылы 41,2%-ға дейін қысқарды. Бұл ретте заңды нарықтағы нысандар саны 64,8%-ға артып, 227-ден 374 нысанға дейін өсті, ал «көлеңкелі» нарықтағы нысандар саны 30,7%-ға азайып, 378-ден 262 нысанға дейін төмендеді. Іріктемеге енгізілген нысандардың жалпы саны 5,1%-ға өсіп, 605-дан 636 нысанға жетті.

Жалпы нысандар санына шаққанда, ең айқын оң динамика ірі қалаларда байқалады. Астанада «көлеңкелі» нарықтың үлесі 2025 жылғы 50,2%-дан (102 нысан) 2026 жылы 20,2%-ға (43 нысан) дейін төмендеді. Шымкентте бұл көрсеткіш 36,9%-дан (24 нысан) 15,1%-ға (8 нысан), ал Алматыда* 64,9%-дан (109 нысан) 48,3%-ға (101 нысан) дейін азайды.

Қонаевта көрсеткіш 100%-дан 50,0%-ға, Ақтөбеде 94,1%-дан 66,7%-ға, Өскеменде 64,3%-дан 31,3%-ға дейін төмендеді. Алайда аталған қалаларда салынып жатқан нысандар саны салыстырмалы түрде аз.

Сонымен қатар бірқатар қалаларда өткен жылмен салыстырғанда «көлеңкелі» нарықтың үлесі 100% деңгейінде қалды. Олар – Петропавл, Түркістан, Тараз, Талдықорған, Орал және Павлодар. Сондай-ақ төмендеу байқалғанына қарамастан, Ақтау (95,5%), Көкшетау (83,3%) және Қарағанды (80%) қалаларында «көлеңкелі» нарықтың үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Қостанай 2026 жылы 2025 жылмен салыстырғанда «көлеңкелі» нарықтың үлесі өскен жалғыз қала болды: 65,0%-дан 88,9%-ға дейін.

2026 жылы іріктемеге Қаскелең мен Жезқазғандағы нысандар да енгізілді. Бағалау нәтижелері бойынша Қаскелең мен Жезқазғандағы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 0%-ды құрады. Алайда бұл қалаларда бар болғаны 1-2 нысан салынып жатқанын ескеру қажет.

«Көлеңкелі» нарық үлесінің 41,2%-ға дейін төмендеуі зерттеліп отырған нарық құрылымының 2025 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгергенін көрсетеді. Бұл ретте зерттелген нысандардың жалпы санының өсуімен қатар, заңды нарықтағы нысандар саны артып, «көлеңкелі» нарыққа жатқызылған нысандар саны азайды. Бұл оң динамика мемлекеттің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығына бақылауды күшейту бойынша қабылдап жатқан шараларының тиімділігін көрсетеді. Олардың қатарында:

  • үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны және тиісті талаптарға сәйкес келмейтін жарнаманы таратқаны үшін айыппұл мөлшерін 300 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін ұлғайту;
  • салынып жатқан нысан туралы мәліметтер «Қазреестр» цифрлық жүйесінде болмаған жағдайда, оның барлық түрдегі жарнамасына тыйым салу;
  • әкімдіктің рұқсаты және/немесе ҚТК кепілдігі болмаған жағдайда, екінші деңгейдегі банктердің салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық қарыз беруіне тыйым салу;
  • салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу бойынша төлемдерді қолма-қол ақшасыз жүргізу.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығына мониторинг жүргізуді және нарықтың ашықтығын арттыруға, сондай-ақ құрылыс кезеңінде тұрғын үй сатып алатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмысты жалғастырады.

Баспасөз қызметі
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
+7 7172 797575, ішкі 2205
pr@khc.kz, www.khc.kz

                        

__________________________________

* Алматы қаласында жалпы жарнамаланатын нысандар саны артты: 2025 жылы – 168, 2026 жылы – 209 нысан. Сондықтан «көлеңкелі» нарық үлесінің пайыздық көрсеткіш бойынша төмендеуі нысандардың нақты саны бойынша төмендеуге қарағанда айқынырақ көрінеді.