Қазақстанда құрылыс салушылар мен тұрғын үй құрылысы жобаларын бағалаудың рейтингтік моделі жаңартылды

Қазақстанда құрылыс салушылар мен тұрғын үй құрылысы жобаларын бағалаудың рейтингтік моделі жаңартылды

Қазақстанда үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру кезінде құрылыс салушылар мен тұрғын үй құрылысы жобаларын бағалаудың жаңартылған көп факторлы моделі қолданылады.

Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 478 бұйрығымен тұрғын үй құрылысы жобалары бойынша кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды қарау қағидаларына енгізілді.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде құрылыс салушылардың кепілдік беру туралы өтінімдерін қарау кезінде көп факторлы модельді қолданады.

Құрылыс салушылар үшін қандай өзгерістер бар?

Жаңа тәсіл құрылыс салушы мен жобадағы компанияның қаржылық жағдайын, нысандарды іске асыру тәжірибесін, қаржыландыру құрылымын, өз қаражатының қатысу үлесін және жобаны іске асыру тәуекелдерін ескере отырып, кешенді бағалауды көздейді.

Бағалау кезінде не ескеріледі?

Көп факторлы модель көрсеткіштердің екі негізгі тобын қамтиды:

қаржылық көрсеткіштер — қызметтің және меншікті капиталдың рентабельділігі, ағымдағы өтімділік, құрылыс салушының қаржылық тәуелсіздігі;

сапалық және жобалық көрсеткіштер — нысандарды аяқтау тәжірибесі, бұрын берілген кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалуы, өз қаражатының қатысу деңгейі, төлем тәртібі, құрылыс құнының негізділігі, баға саясаты және шығындардың ықтимал өсуіне қатысты жобаның орнықтылығы.

Бағалау нәтижелері бойынша құрылыс салушы мен жобаның жиынтық тәуекел деңгейін көрсететін қорытынды балл қалыптастырылады.

Кепілдік жарнасының мөлшерлемесін қолдану үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Бұл ретте құрылыс салушы бірқатар көрсеткіштерге ықпал етіп, жобаның бағасын жақсарта алады. Атап айтқанда, оған мыналар ықпал етеді:

  • қаржыландырудағы өз қаражатының үлесін ұлғайту;
  • қаржылық тұрақтылықты нығайту;
  • жобаларды сәтті іске асыру тәжірибесін растау;
  • жобалау-сметалық құжаттаманы өзектендіру;
  • қаржыландыру құрылымын жақсарту;
  • жоба мен құрылыс салушының орнықтылығын растайтын қосымша құжаттарды ұсыну.

Жекелеген тәуекел факторының болуы өздігінен кепілдік беруден автоматты түрде бас тартуды білдірмейді. Шешім заңнама талаптары мен белгіленген рәсімдерді ескере отырып, жоба мен құрылыс салушы көрсеткіштерінің жиынтығына жүргізілген кешенді бағалау нәтижелері бойынша қабылданады.

Жаңартылған көп факторлы модель бағалаудың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, құрылыс салушылардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ынталандыру жасауға, аяқталмаған құрылыс тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.