«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ көп қабатты тұрғын үй құрылысына кепілдігін алу үшін Құрылыс салушысы мынадай:
- республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста жалпы алаңы кемінде он мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыста кемінде бес мың шаршы метр көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының объектілерін өткізу, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) ретінде жиынтығында кемінде екі жыл тәжірибесінің болуы;
- шамасы жиынтық активтердің он пайызынан кем болмайтын, өзінің аудиторлық қорытындымен расталған қаржылық есептілігіне сәйкес соңғы екі қаржы жылында қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелерді шегергеннен кейін қалатын активтерінің болуы;
- қарыз қаражатының және меншікті капиталының арақатынасы арқылы есептелген коэффициент шамасы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын салудың оны пайдалануға қабылдағанға дейінгі бүкіл мерзімі ішінде жетіден аспауы талаптарына сай болуға міндетті.
Құрылыс салушы көппәтерлі тұрғын үй құрылысының бір жобасынан аспайтын қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті компания құруға немесе өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызын сатып алуға тиіс.
Уәкілетті компания үшін талаптар:
Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін Уәкілетті компания:
- мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;
- көп қабатты тұрғын үй құрылысы жобасының кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаттамасы (2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖСҚ-қа міндетті түрде инженерлік желілерді, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі шешімдерді қосылуы тиіс. Жобаны кезекке және іске қосу кешендеріне бөлу кезінде, оның ішінде жобаны кезең-кезеңімен пайдалануға беру үшін кезектер мен іске қосу кешендерінің құны сараптама қорытындысында расталуы тиіс).
- меншікті қаражат немесе аяқталмаған құрылыс көлемі:
– жер учаскесіне меншік құқығы кезінде жобалау құнының кемінде 10% көлеміндегі қаражат;
– жер учаскені жалға алу құқығымен кемінде 15% көлеміндегі қаражат; - құжаттарды қарағаны үшін комиссияға, кепілдік шарт бойынша кепілдік жарнаны төлеуге қаражат;
- жоба құрылысының мердігерлік шарты.
Жобалардың сараптамасы
Жеке тұрғын үйлер кешенін салу жобасы бойынша құжаттарды тексеру Құрылыс салушы мен Уәкілетті компанияның «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының 8-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі және қаржылық және заңдық бағалауды қамтиды.
Қаржылық бағалау мыналарды қарастырады:
- қаржылық есептілікті талдау, уәкілетті компания мен құрылыс салушының қаржылық жағдайын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді есептеу
- жобаны қаржыландыру көздерін талдау (оның ішінде қаржыландыру бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігін бағалау, сондай-ақ жобаны іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді растау үшін аффилиирленген компаниялардан түсетін ақша ағындарын талдау)
- уәкілетті компанияның баға саясатының сәйкестігін талдау
- сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес аяқталмаған объектіде орындалған жұмыстарды салыстыру
- құрылысты аяқтау үшін қажетті жұмыстардың толықтығын бағалау
- құрылыс бюджетінің (сметасының) негізділігін талдау.
Заңды бағалау мыналарды қарастырады:
- құрылыс салушының және уәкілетті компанияның құқық белгілейтін құжаттарын талдау
- корпоративтік басқару туралы құжаттарға, алқалы басқару органдарының шешімдеріне және уәкілетті компанияның негізгі сенімхаттарына шолу
- қатысушылар (акционерлер) туралы мәліметтерді, аффилиирленген тұлғалар туралы мәліметтерді талдау
- уәкілетті компания мен мердігердің (бас мердігердің)қажетті рұқсат құжаттарының болуын талдау
- мердігермен (бас мердігермен)уәкілетті компанияның құрылыс мердігерлік шартының негізгі ережелерін талдау
- мүліктік сипаттағы сот талқылауларының болуын немесе болмауын талдау;
- салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің болуын (болмауын) тексеру.
Кепілдікті алу рәсімі
I. Құрылыс салушы және Уәкілетті компания Тұрғын үй порталы арқылы құжаттар пакетімен электрондық түрде өтінім береді https://homeportal.kz/.
II. Оң шешім қабылданған жағдайда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ, Құрылыс салушы және Уәкілетті компания арасында кепілдік беру туралы үшжақты шарт жасалады.
III. Шартқа қол қойылған сәттен бастап Құрылыс салушы Қазақстан Республикасының азаматтарымен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын жасасу құқығын алады. Әрбір шарт «Қазрестр»АЖ-да міндетті тіркеуге жатады.